Ә.Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінде "Ежелгі Тетис құпиялары" палеонтологиялық көрмесі ашылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Көне дәуір кереметін көз алдыңа келтірер көрмеде жинақталған бірегей жәдігерлер қатарында миллиондаған жылдар бұрын тіршілік еткен жануарлардың тасқа айналған қазба қалдықтары бар. Атап айтсақ плезиозаврдың жақ сүйегі, ихтиозавр, қазба тасбақаның қаңқасының бөлшектері, ежелгі дельфиннің тасқа айналған сүйектері мен акулалардың тістері және өзге де экспонаттар қойылған.
Көрменің басты экспонаты - ежелгі Тетис мұхитының түбінде өмір сүрген алып бауырмен жорғалаушы - эласмозаврдың қайта құрастырылған қаңқа сүйегі.
"Музейде суретші-қалпына келтіруші болып үш жылдан бері қызмет етемін. Палеонтологтар 850 миллион жыл бұрын тіршілік еткен жануардың мойын омыртқасын ғана тапқан еді 6 метрге созылатын элласмозаврдың толық қаңқасын қайта қалпына келтіру жұмыстары 5 айға жуық уақытқа созылды",-дейді музей қызметкері Алина Бисембаева.
"Биыл көрменің пеноплексінен жасалған эласмозаврдың Эласмозаврдың қаңқасының бір бөлшегі 2017 жылы мамыр айында Шетпе маңынан табылды. Бұл МГУ аспиранты, палеонтолог Николай Зверьковтың мәлімдеуінше алып жыртқыш қаңқасының бөліктері дүние жүзінде сақталуы бойынша төртінші орында тұрған құнды жәдігер болмақ. 2019 жылы ресейлік палеонтологтардың қазба жұмыстары нәтижесінде Тұщыбекке таяу Сулы Қапы маңынан ихтиозавр қаңқасы табылған еді. Бүгінгі көрмеде сол қазба қалдықтары да көрермен назарына ұсынылды,- деп атап өтті музейдің табиғат бөлімінің меңгерушісі Анар Қуанышова.
Көрмеге ерекше қызығушылық танытқан жанның бірі - "Мамандандырылыған IT-мектеп лицейінің" 9-сынып оқушысы Мария Джунельбекова.
"Палеонтология ғылымына деген қызығушылығым бала күнімнен бастау алды. Кішкене кезімде түрлі ракушкаларды жинауды аса ұнататынмын. Бірде әкем ерекше ракушканы сыйға тартты. Зерттей келе бұның миллиондаған тарихы бар амониттер екендігі анықталды. Мектеп қабырғасында жүріп география пәнінің мұғалімі Надия Насырованың жетекшілігімен ғылыми жобаны зерттеуді қолға алдым. Зерттеу тақырыбым "Маңғыстау өлкесінің палеонтологиялық эволюциясы" деп аталады. Бүгінде отандық ғылым кеңістігінде палеонтология саласының дамуы кенжелеп тұр. Алайда Маңғыстау өңірінде әлемдік ғылыми қауымдастықтың қызығушылығын тудырып, зерттеу нысанына айналарлық ежелгі дәуір жәдігерлері жетіп артылады. Мен зерттеу барысында Шайыр, Жармыш, Құйылыс жерлеріне сапарлап, музейдің табиғат бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп экспедициялар ұйымдастырдым. Бірқатар жәдігерлерді, атап айтсам тасқа айналған ұлулар, теңіз кірпілері, теңіз лалагүлдері, губкалардың бөлшектері мен аммониттерді, моллюскалар мен белемниттер түрлерін, акула тістерін таптым. Мектепте палеонтологиялық көрме-бұрышты жасақтауды қолға алдым",-дейді Мария Джунельбекова.
Мария өз сөзінде Маңғыстаудағы палеонтологиялық жәдігерлерді заң шеңберінде қорғау, сақтау мәселесіне де назар аударды.
Голрох Жеменей